Қытай аумағында шайды 6 мың жыл бұрын өсіре бастаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда шай тарихы бұрын пайымдалып жүргеннен гөрі едәуір ертеде басталған, деп хабарлады ТАСС.

Қытай аумағында шайды 6 мың жыл бұрын өсіре бастаған

«Чайна дейли» газетінің хабарлауынша, жергілікті ғалымдардың соңғы ашылымдары қазіргі ҚХР аумағында шай бұталарын өсіру кемінде 6 мың жыл бұрын басталғанын дәлелдейді.

Чжэцзян мәдени құндылықтар мен археология зерттеу орталығының мамандары Нинбо қалалық округіндегі (Чжэцзян провинциясы, Шығыс Қытай) Тяньло тауы маңындағы Хэмуду неолит мәдениеті қазбаларын талдай келіп, осындай қорытындыға келді. Ғалымдардың назарын 6 мың жыл болған деп бағаланған шай бұтасының тамырлары өздеріне аударған.

«Тамырлар төңірегіндегі топырақта ауыл шаруашылығы өңдеу жұмыстарының ізі сақталған. Бұл өсімдіктің өзі табиғи түрде өспегенін, адамдар қолымен отырғызылғанын байқатады», - деп атап өтеді археолог Сунь Гопин.

Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Шайды зерттеу институтының бұрынғы директоры Яэн Цикуньнің пікірінше, қазу жұмыстары кезінде табылған керамикалық бұйымдар ежелгі адамдардың шай қайнатуды білгенін көрсетеді. «Археологтар шәйнекке ұқсас затты тауып алды. Оның тұтқасы мен шүмегі бар», - деп әңгімеледі ол. Бұған дейін тарихшылар шайды тұтыну бұдан 3 мың жыл бұрын басталды, деген пікірде болып келген еді.