Қытай азаматтары «Солтүстік Трува» кенішінде заңсыз жұмыс істеген

АҚТӨБЕ. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Миграциялық полицейлер Ақтөбе облысы Байғанин аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген операция барысында «Солтүстік Трува» мұнай кенішінде заңсыз жұмыс істеп келген 13 қытай азаматын анықтады,

Қытай  азаматтары «Солтүстік Трува»   кенішінде   заңсыз жұмыс істеген
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, шетелдіктер «Синопэк-Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шақыруы бойынша басшылық қызметтерде жұмыс істеп келген. Олар механиктерге, электриктер мен басқа жұмысшыларға басшылық еткен. Қамауға алынған заңсыз мигранттар ағымдағы жылдың күзіне дейін жұмыс істеуді жоспарлаған. «Олардың үстінен Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіннің 294-ші бабы 2-тармағы бойынша іс қозғалып отыр. Бұл ағымдағы жылы анықталып отырған осындай үшінші оқиға», - деді заңсыз миграциямен күрес жөніндегі взвод командирінің орынбасары Талғат Қамысбаев. Байғанин аудандық сотының шешімі бойынша екі қытай азаматы 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, 11 адам - бес тәулікке қамауға алынып, жазаларын өтегеннен кейін Қазақстан аумағынан шығарылатын болады. Полицейлер 176 бұрғылау бригадасының құрамында жұмыс істеген 36 қытай азаматын ұстады. Қазақстанның жерінде заңсыз еңбек етіп келген қалған 23 қытай азаматына қатысты әкімшілік істер қазір соттың қарауында.