Қытай азаматын құтқарған қазақ студенті: Елімнің медицинасына өз үлесімді қоссам деймін

АСТАНА. ҚазАқпарат - 12 қыркүйек күні Қытай астанасы Бейжіңде білім алып жүрген қазақстандық студент Ғалымжан Исабеков метрода есінен танып қалған қытайлық қарияға дер кезінде медициналық көмек көрсетіп, жанын аман алып қалды. Қазақстандық студенттің қиын сәттегі батыл қимылы қытайлық БАҚ пен интернет пайдаланушыларының арасында кеңінен талқыланған болатын. Отандасымызға қытайлықтар зор алғыстарын білдіріп, игі ісі үлгі тұтарлық деген пікір қалдырып жатыр. Осы ретте «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі шетелде білім алып жатқан жас маманмен сұхбаттасқан еді.
None
None

- Ғалымжан, өзіңіз туралы қысқаша айта кетсеңіз... Қытайға оқуға баруға не себеп болды?

- Мен Алматыда туып өстім. Қазақ-түрік лицейінде оқып, 2008 жылы Бейжің қаласына келдім. Қытайға келуімнің себебі де бар. Мектеп оқып жүргенімде Еуропаға барып, білім олимпиадасына қатысып қайттым. Сол кезде қытайлық оқушылардың білімі мені қатты таң қалдырған еді. Содан бастап Шығыс Азия елдеріне қызығушылығым арта түсті. Жапония, Корея және Қытай елдерінің біріне барып білім алсам деген жоспарым болды. Соңғы таңдауым Қытайға түсті. Бастапқыда Қытай Халықтық университетіне экономика мамандығы бойынша оқуға түстім. Алайда мамандыққа көңілім толмауына байланысты медицинаға ауыстым. Қазір нейрохирургия мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Келесі жылы Қытайға келгеніме 10 жыл толады. Осында өмірлік жарымды кездестірдім, шаңырақ көтердім. Әйелім - Алматы қаласының тумасы, ол да дәстүрлі қытай медицинасы мамандығы бойынша білім алып жатыр.
null 

- Сіздің есінен танып қалған қарияны құтқарып қалғаныңыз туралы БАҚ бетінде көп жазылды. Болған іс жайлы өз ауызыңыздан естісек...

- Иә, бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Магистрант ретінде Бейжің қаласының Сюаньу ауруханасында резидент болып жұмыс істеп жүрмін. Күнделікті уақытта метродан Сюаньу аялдамасынан түскен кезімде көмек сұраған адамдардың дауысын естіп, есінен танып жатқан қарт адамды көрдім. Жанына жүгіріп бардым. Тынысы тоқтап қалған екен. Алған білімім бойынша жүрекке массаж жасап, алғашқы көмек көрсеттім. Осыдан кейін көп кешікпей, жедел жәрдем көлігі келді. Қарияны Сюаньу ауруханасына алып кетті.

- Қытайда есінен танып немесе тайып жығылған адамға көмек көрсеткендерге жалған айып артылатын оқиғалар жиі болатыны жөнінде естіп едік. Сіз осындай жағдайға душар боламын деп ойламадыңыз ба?
null 

- Дәрігер ретінде адамды құтқару менің бірінші міндетім деп санаймын. Сондықтан ондай ойлар менде болған жоқ. Ол адамды аман алып қалуға тырысқанымды куәгерлер көріп тұрды. Метро күзетшісі де жаныма келіп, егер қандай да бір мәселе туындап жатса, өзі куәгер болатынын айтты. Оқиғадан кейін қарттың балалары мені іздеп, Сюаньу ауруханасына хабарласыпты. Мен де науқастың жағдайын білу үшін емханаға жүгінген едім. Істің мән-жайын білгеннен кейін ұстаздарым көпке үлгі болсын деген мақсатпен бұл оқиға туралы жариялау керек деп шешті. Мен келісімімді бердім. Ал қарияның балалары мені ауруханаға арнайы іздеп келіп, алғысын айтты.

- Енді өзіңіздің жоспарыңызға тоқталып өтсеңіз... Оқу бітірген соң елімізге оралып еңбек етесіз бе?

- Әзірге мамандығым бойынша магистратураны оқып бітіру - басты жоспарым. Кейін осы салада Қазақстан-Қытай арасында алтын көпір болып, еліміздегі науқастардың Қытайда емделуіне, сондай-ақ, еліміздің медицина саласының өркендеп өсуіне өз үлесімді қоссам деген арманым бар. Әрине, әлі де білімімді шыңдап, шетелден болмаса осы Қытайдан докторлық атағын алып, елімізге қызмет етуді де жоспарлап отырмын.
null 

- Сұхбат бергеніңізге рахмет, ісіңіз ілгері жылжысын!

- Сізге де рахмет!

Соңғы жаңалықтар