Қытай басшысының Қазақстанға сапарының экономикалық және саяси сипаты бар – сарапшылар

НҰР-СҰЛТАН: ҚазАқпарат - Бүгін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға келді. Жалпы Қытай басшысының елімізге сапары жайлы түрлі пікір айтылып жатыр. Ал сарапшылар мұның экономикалық тұрғыдан өте маңызды екенін айтып отыр. Қытайдың Қазақстанның екінші ірі сауда серіктесі екенін ескерсек, бұл сапар екі ел үшін де тиімді болмақ, дейді мамандар.

Қытай басшысының Қазақстанға сапарының экономикалық және саяси сипаты бар – сарапшылар

Белгілі экономист Мақсат Халық Қытай басшысының елімізге келуін экономика тұрғысынан алғанда маңызды екенін атап өтті.

Оның сөзінше, қазіргідей геосаяси жағдай шиеленісіп тұрған кезде тауар тасымалдау мәселесі өзекті, кезек күттірмейтін мәселе.

«Экономикалық тұрғыдан алсақ, бұл сапардың біздің мемлекет үшін маңызы зор болмақ. Қазіргі таңда көрші елдердегі жағдайға байланысты сауда-саттық саласында бірқатар мәселе туындап отыр. Сондықтан да Қазақстан арқылы өтетін Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізі тауар тасымалдауда маңызды болып тұр. Еліміз осы жерде Еуропа мен Қытай арасындағы көпір болып, біраз табысқа, біраз пайдаға кенеле алады. Алайда бір маңызды мәселені естен шығармауымыз қажет. Кез келген іскерлік екіжақты кездесулердің саяси астары болады. Сондықтан Қазақстан осы тұста экономикасы мен өзінің ұлттық қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қоюы керек»,-деді экономист.

Сонымен қоса қаржы маманы осы сапар барысында еліміздің экономикасына серпін беретін мәселелер талқыланса, мемлекет үшін де, еліміздің бюджеті үшін де оңтайлы шешім болатынын жеткізді.

«Сапар барысында тауар айналым процесін цифрландыру мәселесін жолға қою, тек шикізат емес, дайын өнімді импорттау мәселесі қарастырылса, жақсы болар еді. Біз өндірістің осы бағытын дамытуды қолға алуымыз керек. Сонымен қоса Қазақстанның жасыл энергетика, инновациялық жобалар бағытындағы инвестициялық әлеуетін арттырып, Қытай тарапын осы салаларға инвестиция құюға шақыруымыз қажет. Осындай маңызды мәселелерге көбірек көңіл бөлуі тиіс»,-деп атап өтті Мақсат Халық.

Белігіл қазақстандық экономист Арман Байғанов та Қытай басшысының Қазақстанға сапарының экономикалық және саяси сипаты бар екенін тілге тиек етті.

«Қытай басшысының Қазақстанға сапарының экономикалық және саяси сипаты бар. Экономика тұрғысынан Қытай Қазақстан экономикасына көбірек инвестиция құйғысы келеді. Менің ойымша, әсіресе шикізат және аграрлық секторларға басымдық беруді мақсат етіп отыр», - деді экономист.

Айта етейік, 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, Қазақстанның Қытайға құйған инвестициясының көлемі 4 324 млн долларды құрады, бұл Қытайдың Қазақстанға жинақталған инвестиция көлемінің үштен бірі (12 918 млн доллар).

Сонымен қоса, оның сөзінше, сапар аясында бірқатар екіжақты келісімге қол қойылмақ. «Жалпы Қытай мұнай-газ секторына көбірек инвестиция құюда. Ал қазір әлемде энергетикалық ресурстар үшін күрес жүріп жатыр. Қазақстанда мұның бәрі бар. Сонымен қатар Қытай азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне де баса назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы саласына көбірек инвестиция салуды көздеп отыр. Инвестицияның тек өндіруші өнеркәсіпке ғана емес, қайта өңдеу өнеркәсібіне жасалғаны дұрыс болар еді. Сонда жаңа жұмыс орындары ашылар еді», - деді сарапшы.

Жалпы, Арман Байғановтың пайымдауынша, экономикалық тұрғыдан алғанда, екінші қуатты әлемдік держава көшбасшысының елімізге келуі ел экономикасының дамуына үлкен серпін бермек. Сонымен қатар Қытай Қазақстанмен сауда айналымы бойынша Ресейден кейінгі екінші орында тұр. Сондықтан Қытай Халық Республикасы Төрағасының сапары Қазақстан үшін Қытайға экспорт көлемін арттыру тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.


Ашық көздерден алынған фото