Қытай БҰҰ аясында арнайы қор ашуға 1 млрд. доллар бөледі
Бұл туралы бүгін БҰҰ Бас ассамблеясының 70-ші мерейтойлық сессиясында сөз сөйлеген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин айтты.
«Мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қытайдың капиталы 1 млрд. долларды құрайтын БҰҰ аясындағы «Қытай мен БҰҰ-ның бейбітшілік пен даму қорын» ашу туралы шешімін жариялағым келеді. Ол 10 жыл бойы жұмыс істейтін болады», - деді Си Цзиньпин.
Сонымен қатар ол БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына дайындық жөніндегі жаңа жүйесіне қатысуға дайын екендігін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, бұл мақсатта 8 мың әскери қызметшіден жасақталған тұрақты полиция контигенті мен күш-қуат құрылымдарының резерві құрылатын болады.
«Мен, мұнан бөлек, алдағы 5 жылда Қытайдың Африкалық одаққа дағдарысты сәттерде шұғыл әрекет етуі үшін 100 млн. доллар көлемінде әскери көмек беретіндігін атап өткім келеді», - деді ол.