Қытай дәрігерлері Қазақстандағы миссиясын аяқтап, еліне оралды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытай дәрігерлері Қазақстандағы жұмысын аяқтап, үйлеріне оралды. Медицина қызметкерлерін Қытайға Қазақстан Әскери әуе күштері әскери-транспорттық авиация жеткізді, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
10 дәрігерден құралған топтың елімізге сапары 9 сәуірде басталған болатын. Ресми сапар 15 күнге созылды. Осы уақыт ішінде Қытай мамандары медициналық мекемелерге барып, семинарлар, тренингтер мен конференциялар өткізді. Қазақстандық әріптестерімен коронавирус инфекциясының алдын алу мен COVID-19-бен ауыратын науқастарды емдеу, инфекцияны жұқтырған адамдарды анықтау алгоритмі мен оларды оқшаулау, эпидемиологиялық зерттеу әдістері, медициналық персоналдың диагностикадан өтуі мен олардың инфекцияны жұқтыруына жол бермеу жөнінде тәжірибесін бөліскен болатын.
Аталған шараларға әскери дәрігерлер де қатысқан болатын. Қазіргі таңда әскери медициналық персонал коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу және қауіпті инфекциямен күресте қажетті көмек көрсетіп жүр.