Қытай елі қазақтың ақындар айтысын арқау еткен «Гүлбике» фильмін экранға шығарды
СТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Бақытжол Кәкеш/ - Қазақ ұлтының мәдени өмірін арқау еткен «Гүлбике» фильмі жақын күндерден бері Қытайдағы түрлі ақпарат құралдарының жарыса хабарлап жатқан басты жаңалығына айналды. Біз бұл фильмді қазақ киносына қосылған жаңа туынды ретінде бағалай отырып, рухани кеңістігіміздің аясын кеңейте түскен өнер туындысы жайындағы
өзекті ақпаратты оқырман қауымға түрлі дерек көздері таратқан мәліметтер негізінде хабардар етуді жөн санадық.
Қазіргі күні әлемдік кино өндірісі қоғамдық сұранысқа молынан ие болып отырған салалардың бірегейі. Яғни, «басқа шауып, төске өрлегендей» дәурендеп тұрған дер шағы. Сол кино саласы дамыған елдерде мемлекеттік идеологияның жаршысы да, пайда әкелетін бизнес көзі де кино өнірісінің маңайынан табылып жатады. Ал біздегі жағдайда онсыз да саны аз кино өнімдеріміздің басым дені жоғарыда айтылған талаптардың үдесінен шыға алмай жататыны жасырын емес. Десе де, соңғы жылдардағы кино саласының мемлекет тарапынан басты назарға ілгуі бұл саланың бойына да қан жүгірткен сыңайлы. Осымен бірге жеке меншік кино студиялары да серпіліс танытып отыр. Қазірше кереметтей кино түсіріп әлемді жалт қаратпасақ та өзімізге рухани азық болатын біраз туынды көрерменге жол тартты. Оны өткен жылғы фильмдердің ішінен іздер болсақ, «Біржан сал» фильмін атауға болар. Ал бұл саланы мемлекет жағынан мықтап қолға алу ең алдымен бірнеше ғасыр бойындағы тарихи ауыр үрдістерді бастан өткізген, тәуелсіздігін енді ғана алған жас мемлекеттің идеологиялық тұғырын бекемдеуге, ұлттық болмысынан жаңыла жаздаған ұрпақтың санасын оятуға қажет деп айтар едік.
Міне, осы ойларымызға жауап беріп, үндестік табатындай туындының тағы бірі жақында ғана Қытайда тұсауын кескен «Гүлбике» фильмі десек, артық айтқандық болмас. Бұл фильм біз армандаған, үкілеген үміттеріміздің бәріне бірдей жауап бермегенімен, қазақтың ақындар айтысын арқау еткен туындының бағдары дұрыс деп айта аламыз. Осыдан біраз жылдар бұрын Қазақстанның телеарналарында жиі қайталанып көрсетілген, Елбасының өзі оң бағасын берген «Көрікті мекен» фильмі де Қытайдағы қандастарымыздың қазақ руханиятына қосқан табысты тартуы болған еді. Ал жақында «Жұлдызбен сырласу» жұрналында «Ағайындылар» фильмімен ел есінде көбірек қалған жас актер Нұрлан Әлімжанның Қытайда болып, қазақтың сал-серілік өмірін арқау еткен «Ақсарбас» атты фильмде басты рөлдердің бірін сомдап келгені туралы сұхбатын оқыдық. Ендеше Қытайдағы қазақ киносы өз сүрлеуін қалай салды деген сұраққа осы жерде қысқаша жауап бере кетудің реті келгендей.
Қытайдағы тұңғыш қазақ фильмі Шыңжаңда 1953 жылы «Қасен-Жәмила» атты қойылыммен сәтті басталған. Бұл фильм сол тұста қазақ жұрты үшін кереметтей ләззат алатын туынды ретінде жоғары бағаланған. Сонымен жалғас ертеректе түсірілген «Тәңіртаудың қызыл гүлі», «Айгүл», «Жайлаудағы мылтық даусы» қатарлы фильмдердің алар орны өз алдына бір төбе. 80 жылдардан бері түсірілген «Жетім қыздың махаббатты», «Қызбейіт», «Сержан», «Сахарадағы Дәлеш», «Жусанды дала», «Бөрі соқпақты боз дала», «Айсырға» фильмдерін атауға болады. Ал осы салада ұзақ уақыт еңбек еткен Қытайдың мемлекеттік дәрежедегі қазақ актерлерінен Мүтәліп Әбдірахманұлы, Пәтиха Мәлікқызы, Мақсат Кәдірханұлы, Жанар Сағатқызы, Дәлелхан Қадырұлы қатарлы біраз адамдарды да айта кеткеніміз орынды.
Енді Қытай қазақтарының мәдени өміріндегі тың жаңалық ретінде аталып, көрерменін қуантып жатқан «Гүлбике» фильміне келер болсақ, бізді құлағдар еткен алғашқы ақпаратты Қытайдағы «Шыңжаң газеті», «Халық газеті» және «Қытай радиосы» сайты жазып таратты. Осы ақпарат көздерінің хабарлауынша, қаңтардың 22-сі күні аталмыш фильмнің Бейжіңде тұңғыш премьерасы өткен. Қойылымды тамашалауға Қазақстанның Қытайдағы елшісі Икрам Адырбеков келіп қатысқан. Той мәртебесін биіктете түскен қазақ елшісі өзімен бірге Елшіліктің 60-тан астам қызметкері мен Бейжіңде оқып жатқан қазақстандық жастарымызды қоса ерте барғандықтан, фильмнің осы тұсаукесері қазағы аз ортада көп қазақтың басын қосқан айтулы шараға ұласты. И. Адырбеков қойылымнан кейін тілшілерге берген сұхбатында «Гүлбике» фильмін Қытай қазақтарының мәдениетін, салт-санасын, айтыс мәдениетінің өрелілігін айғақтайтын бірегей туынды ретінде бағалайтындығын және алдағы күндерде бұл фильмнің Қазақ елінде көрсетілуіне өз көмегін жасайтындығын мәлім еткен.
Біз фильм жайындағы толық ақпаратты Қытайдың baidu.com (бәйду іздеу сайты) сайтының жаңалықтар қорынан ұшыраттық. «Гүлбике» фильмін Шыңжаңның Үрімжі қаласындағы мемлекеттік «Тянь-шань» кино студиясы мен «Хуашиа» кино тарату жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп жасаған екен. Алғашқы түсірілім жұмыстары 2009 жылы мамырдың 8-інде Қытайдың Іле аймағының Текес ауданындағы Қаражон жайлауында басталған. Фильмнің шырайын ашқан көркем дала табиғаты Алтай, Іле, Тарбағатай сынды қазақ аймақтарының көрінісі көз тартатын әсем жерлерінде түсіріліп, көктемнің, жаздың, қыстың көріністері қамтылған. «Гүлбике» фильміне арқау болған уақиға желісі қазақ ұлтының ақындар айтысына деген құрметін және айтыс өнерінің баурағыштық қасиетін ашып көрсету. Бұл фильмде ақын қыздың осы өнерді бойына сіңіре жүріп есею барысы баяндалады. Сонымен бірге Қытайдағы қазақтар мекен еткен өлкенің тарихи-мәдени жарасымды өмір салтын, қазақ ұлтының думанға толы тіршілік ортасын, шынайы сезімін бейнелеп, халықтық ән-билер кеңінен дәріптеледі. Фильмнің режиссері «Тянь-шань» кино студиясының үздік режиссері Шеризат есімді ұйғыр азаматы. режиссердің осыған дейін де жасаған фильмдері мемлекеттік және халықаралық сыйлықтарды жеңіп алған. Басты рөлдерде қытай қазақтарының арасынан шыққан белгілі кино актер Пәтиха Мәлікқызы, «Шыңғысхан» фильмінде ұлы қағанның үзеңгілестерінің бірінің кейпін сомдаған Дәлелхан Қадырұлы және Роза, Әлімжан, Дабыл қатарлы жас актерлермен бірге 5 жастағы Жәния есімді кішкентай қыз Гүлбикенің балалық шағын ойнайды. Ал фильмге жұмсалған жалпы қаражат көлемі 9 миллион юаньді құарған.
Қытайда кино өндірісінің сапалық деңгейінің көтерілуі соңғы 20 жыл шамасындағы еңбектің нәтижесімен байланысты. Жылына 700-ден астам киноны өндіріске шығаратын Қытай мемлекеті қазірге дейін хансу ұлтының түгелге жуық тарихи тұлғаларын, елдік маңызға ие тарихи оқиғалар мен классикалық романдар желісін экран тілінде қайта жаңғыртып, көрерменге жеткізіп үлгірген. Қытай кино өндірісінің жуық жылдардан бергі жаңалығы басқа ұлттар өмірінен сыр шертетін туындыларға басымдылық таныта бастағаны. Бұған бір мысал жоғарыда айтылған «Көрікті мекеннен» кейін түсірілген осы «Гүлбике» фильмі.
Сөз соңында айтарымыз, қанша жерден жаһандану кеңістігінде өмір сүріп жатырмыз деген күннің өзінде, ұлттық болмысымыздың түп тамырынан, дәстүрлі мәдениетімізден қол үзбеу керектігі айдан анық нәрсе. Сол себепті де қазақи кестелі, өз ұлтымыздың рухына сайма-сай туындылардың көптеп түсірілуі қоғамда сұраныс тудырмай қалмайды.