Қытай елшісі «ҚазАқпарат» ХАА бас редакторын марапаттады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Астанада Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі салтанатты қабылдау өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қытай елшісі «ҚазАқпарат» ХАА бас редакторын марапаттады

Салтанатты кеште ҚХР Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэй Қытай-Қазақстан ынтымақтастығына елеулі үлес қосып жүрген қазақстандық әйелдерді марапаттады.

Марапатқа ие болған нәзік жандылар арасында "ҚазАқпарат" ХАА бас редакторы Бибинор Сұлтанқызы Танельбаева да бар.

"Көктемде өзендердің мұзы ериді, бар тіршілік жанданады. Ал біз аспандағы күн тәрізді жарқыраймыз". 1939 жылы танымал қытайлық музыкант, Қытай мен Қазақстан достығының дәнекері болған Сянь Синхай 8 наурызда әйелдердің сұлулыққа, бостандыққа талпынысы туралы дәл осылай әндетіп еді. Тарихқа қарасақ, әйелдердің жетістікке жетуі арқылы бүкіл адамзат баласы жетістікке жеткен екен. Төраға Си Цзиньпинь 2015 жылы Бүкіләлемдік әйелдер саммитінің ашылуында әйелдердің дамуындағы қарышты қадамдарға қарап, олардың жан-жақты дамуына қатысты қытайлық бастаманы ұсынған еді", - деп атап өтті дипломат өзінің құттықтау сөзінде.
null

Сонымен бірге, салтанатты қабылдауда ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, Мәденинт және спорт министрлігі Индустрия және туризм комитетінің төрайымы Майнұра Мырзамәдиева, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы Қытай зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенова және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы ҚХР Елшісінің алғыс хатымен марапатталды.
null

"Қытай Халық Республикасы құрылған 68 жылдан бері Қытай билігі әйелдердің мүддесі мен қызығушылығын қорғауға және дамытуға жіті көңіл бөліп келеді. Қазіргі уақытта Қытайда әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы - 79,4 жыл, жоғары оқу орындарындағы қыздардың үлесі - 52,4%. Әйелдер қоғамдағы жұмыс істейтін азаматтардың 42,9 процентін құрайды. Интернет-кәсіпкерлердің 55 проценті - әйелдер. Соңғы жылдары Қытайдың орталық мемлекеттік органдарына қабылданатын әйелдердің проценттік қатынасы 51,9 % жетті. Бұл Қытай өркениеті жетістігінің дәлелі ғана емес, қытайлық тараптың әлемдегі теңдікке, бейбітшіліктің дамуына қосқан үлесі", - дейді ҚХР елшісі. 
null

Сондай-ақ, дипломат өз сөзінде барша қазақстандық әйелдерді келе жатқан мерекемен құттықтады.

"Президент Нұрсұлтан Назарбаев әйел адамды бүркеп ұстаудың қазақстандық дәстүрге жат екенін айтқан болатын. Тәуелсіздіктің 26 жылында Қазақстандағы әйелдердің қоғамдағы маңызы артып келеді. Қазіргі уақытта, қазақстандық әйелдер елдегі мемлекеттік қызметшілер санының 55,5%-ті құрап отыр. Барлық аналарға, әйелдерге және қыздарға мықты денсаулық пен мәңгі жастық тілеймін. Әрбір әйелге мәнді өмір мен армандарының орындалуын тілеймін. Қытай мен Қазақстан достығы гүлдене берсін!" - деп өз сөзін түйіндеді елші Чжан Ханьхуэй.
nullnull