Қытай хоккейшілерін сабаған Рыспаев ЖХЛ-да алғашқы шайбасын салды
АСТАНА.ҚазАқпарат - Қытай хоккейшілерін соққыға жыққан «Барыстың» бұрынғы ойыншысы Дамир Рыспаев Құрлықтық хоккей лигасына (ҚХЛ) қайтып келуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
1 жылдан астам уақыт жарыстан шеттетілген Дамир Рыспаев 5 қазан күні Өскемендік «Торпедо» командасы сапында қытайлық «Ценг-Тоу» қақпасына ЖХЛ-дағы алғашқы шайбасын салып, қуанышын Instagram парақшасындағы жанкүйерлерімен бөлісті.
Айта кетерлігі, Рыспаев жақында ғана ҚХЛ шешімімен Жоғары хоккей лигасында ойнауға рұхсат алған болатын. Сондай-ақ, ҚХЛ өкілдері отандасымыздың бір ай сынақ мерзіміндегі әрекеттерін ескеріп, лига ойындарына қайта қатысуы туралы нақты шешім қабылдайтын болады.
Еске салайық, 2016 жылы 5 тамызда ҚХЛ-дың елордалық «Барыс» және Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» арасындағы ойында Рыспаев Қытай хоккейшілерімен төбелесіп қалған болатын. Қорытындысында қытайлық команда ойыннан бас тартып, «Барысқа» 0:5 есебімен жеңіліс жазылды. Ал Рыспаев болса ҚХЛ ойындарынан шеттетілді.