Қытай қаласы рубльді ресми түрде ішкі валюта ретінде енгізді
АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ресей рублі Қытайдың шекарасында орналасқан Суйфэньхэ қаласының ресми валюталарының біріне айналды. Бұдан былай онда Ресей ақшасына кез келген тауар мен қызмет түрін сатып алуға рұқсат.
Бұл туралы қытайдың ақпараттық «Синьхуа» агенттігіне сілтеме жасай отырып Lenta.ru хабарлады.
Суйфэньхэ рубль мен юаньды тең түрде қолданатын Қытайдың бірінші қаласы болды. Атап өтейік, Суйфэньхэні «орыс-қытай саудасының астанасы» деп атайды.
Қалада екіжақты тауар айналымы ауқымды көлемде жүзеге асырылады, ал мынау жаңа өзгеріс сауда операцияларын жеңілдетеді. Қала Қытайдың солтүстік-шығысында Преморье аймағымен шекаралас орналасқан. Оның халқы - шамамен 600 мың адам.
Бұл қалаға Ресейден сауда жүргізу үшін туристер көптеп келеді. Тағы бір атап өтетіні, Суйфэньхэде православтық шіркеу бар және жергілікті телеарналар белгілі бір уақыттарда орыс тілінде хабар таратады.