Қытай Қазақстанның тауарларына қатты қызыға бастады

Халықаралық жәрмеңкеге Алматы облысынан «Жаркент крахмал зауыты» ЖШС және «Первомай тағам комбинаты» ЖШС өкілдері қатысқан болатын. Қытайлық тарап қазақстандық тауарларға үлкен қызығушылық танытып қана қоймай, экономиканың түрлі бағыты бойынша ынтымақтастық орнатуға әзір екендіктерін білдірді. Мысалы Бүкілқытайлық ауыл шаруашылығы сауда палатасының басшысы Ван Цзюньхао қазақстандық тағамдар мен ауылшаруашылық өнімдеріне қытайлық тұтынушылар қатты қызығатынын алға тартады. Оның айтуынша, қазақстандық сапалы тауарларды Қытай нарығында өткізудің мүмкіндігі зор.
Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы аясындағы 12 инвестициялық жоба да Қытай кәсіпкерлерінің ерекше назарына ілікті. Олардың қатарында «Ирада-Балық» ЖШС және «Кринтел» ЖШС жобалары бар.
«Біздің кәсіпкерлер ұсынған тауарлар негізінен Қытайда да өндіріледі. Бірақ соған қарамастан Қытай елінің қазақстандық өнімге қызығушылығы жоғары. Себебі біздің өнімдер экологиялық тұрғыдан таза және сапасы жоғары. Сондықтан болса керек, Бейжіңдегі жәрмеңкеден соң, басқа өлкелер өз өңірлерінде кездесу ұйымдастыруға тілек білдірді. Тіпті қытайлық тарап Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қазақстандық өндірушілердің тауарларын Бейжіңнің ірі базарларының бірінде сатылымға шығаруды ұсынып отыр», деді «Ирада-Балық» ЖШС директоры Суриям Изимова.
Оның айтуынша, бұл тауарларды насихаттауға зор мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, шара аясында кәсіпкерлер, Бейжіңде білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті. Айта кетерлігі, қазан айының басында Хунань өлкесінде Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы жобаларының таныстырылымы өткен болатын. Онда да Алматы облысының инвестициялық жобалары таныстырылған еді.