«Қытай кеспесі - улы, орыс шайы шулы болып тұр...» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 16 ақпан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қытай кеспесі - улы, орыс шайы шулы болып тұр...» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен жалпы отырыста Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құқықтық базасын нығайтуға бағытталған төрт заң жобасы қаралып, мақұлданды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Ұжымдық жұмылуға қажетті құжаттар қабылданды» деген тақырыптағы мақаласында. Депутаттардың талқысына бірінші кезекте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының мәртебесі туралы заң жобасы түсті. Бұл күштер тараптар өздерінің құрылымдарын қабылдаушы тараптың аумағына, егер осы іс-қимыл олардың ұлттық заңнамасына қайшы келмеген жағдайда ғана қойылған міндеттерді орындау үшін жібереді. Қабылдаушы тарап, егер оның ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, өзінің аумағына ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын енгізу туралы шешім қабылдайды.

 «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Румынияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Емил Рапчаны біздің еліміздегі дипломатиялық қызметінің аяқталуына байланысты қабылдады. Сенат Төрағасы Е.Рапчаға Қазақстан-Румыния ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айта келіп, румын дипломатының алдағы қызметі табысты болуына тілектестігін білдірді. «Румыния Қазақстанның Шығыс Еуропа аймағындағы саяси және экономикалық әріптесі болып табылады», - деп атап өткен Қ.Мәми екі ел парламенттерінің арасындағы байланыстарды нығайтудың маңыздылығын назар аударды.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде азық-түлік сапасына қатысты мақала жарық көрді. Өйткені қазіргі таңда сапасы талапқа сай отандық азық-түлік өнімдері дүкен сөрелерінде жоқтың қасы. Халқымыз тұтынатын азық-түліктен бастап жеміс-жидек, көкөністің басым бөлігімен қамтамасыз етуді басқа елдер мойнына алған. Осы жайттар терең зерделенген жарияланым «Қытай кеспесі - улы, орыс шайы шулы болып тұр...» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. «Осыған дейін қытайдың сапасыз өнімдеріне тіксініп келсек, енді Ресейден келетін азық-түлікке де күмәнмен қарайтын болдық. Себебі осыған дейін Ресейдің қазақ нарығына жөнелткен шошқа, сиыр етінен, піспе және қақталған шұжықтарынан, Қарғызстанның сарымайларынан ішек таяқшалары табылғанымен, амалымыздың жоқтыған үндей алмадық», - деп жазады басылым.

 Осы газеттің тұрақты «Дат!» айдарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлнар Насимовамен арадағы сұхбат «Бүгінгі жанжалдар саяси-идеологиялық емес, діни негізде жүреді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Президент биылғы Жолдауында атап өткендей, біз Жаңаөзендегі оқиғадан тиісті түйін жасап, одан сабақ алып, ұдайы ескеріп отыруымыз керек. Қазіргі таңда келіссөз мәдениетін қалыптастыруды, мелекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара әрекеттесу механизмдерін жетілдіруді және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін тиімді технологияларды жасау қажет. Бірақ бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешілуі керек», - дейді.

***

Әр жылдары жасыл алаңда жасындай жарқылданған жігіттер өз аты-жөндерін әлемдік футбол тарихында алтын әріптермен жазып кетті. Әркез еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін олардың есімдерін ерекше құрметпен айтады. Бірі - сұрмерген шабуылшы, бірі - тасқамал қорғаушы, бірі - әйгілі қақпашы болды. Олар өрелі өнерімен миллиондаған жанкүйердің жүрегін жаулады. Ондай мықтылар жайында талай кітап, баспасөз беттерінде талай дүние жазылды. Дегенмен жуырда шетелдік танымал бір сайтында жасыл алаңда дөрекі ойын көрсетіп, асқан қатыгездігімен танылған ойыншылардың тізімін жария етті. Осы ойыншылар жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Айқын» газетіндегі «Оңбаған» 10 ойыншы» деген тақырыптағы мақалаға назар салыңыз.

***

«Ресей астанасының мэрі атынан Ұлы Отан соғысының ардагері Қайырлы Жоңқабаевқа «Мәскеу үшін шайқасқа 70 жыл» естелік белгісі табыс етілді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті бейсенбілік санындағы «Солдат победы» деген тақырыптағы мақаласында. Сергей Собянин қазақстандық жауынгерге жолдаған хатында Мәскеу түбінде фашистік әскердің талқандалғанына 70 жыл толуымен құттықтай келіп: «Мәскеу сіздердің ерліктеріңізді ешқашан ұмытпайды. Мәскеуліктер шындығында да жеңіс солдаттарымен мақтанады», - деп атап өткен. Басылымның жазуынша, Қ.Жоңқабаев Қызыл Жұлдыз, 2 дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталған.