12:34, 15 Сәуір 2022 | GMT +5
Қытай компьютер ойындарын тікелей эфирден рұқсатсыз көрсетуге тыйым салды
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Мұндай шешімді Қытай коммунистік партиясы Орталық комитеті радио және телеарна бас басқармасы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қытай ұлттық радио және телеарна әкімшілігінің сайтына сілтеме жасап.

Қытай реттеуішінің мәліметінше, бұл тыйым компьютерлік ойындар арқылы тікелей эфирде таратылатын қатыгездікпен және жасөспірімдердің ойын тәуелділігімен күресуге бағытталған.
«Құзыретті органдардың арнайы рұқсатынсыз компьютерлік ойындарды интернетте және аудиовизуалды желілерде таратуға қатаң тыйым салынады. Осыған байланысты заңсыз ойын контентін көрсету үшін фильмдер мен телехикаяларды, эстрадалық шоуларды, бейне ағындары мен қысқа бейне қызметтерді пайдалануға болмайды», - делінген жарияланымда.
Сондай-ақ, билік стримерлердің тәртібі критерийлерін қалыптастыруға ұмтылып жатқаны айтылған.
«Этикалық норманы бұзатындардың тікелей эфирді пайдалануына және олардың экранда көрсетілуіне қатаң тыйым салынады. Мұндай адамдардың экранда көрінуі қадағаланады», - деп жазылған құжатта.
Бұдан басқа, пайдаланушылардың ойын контентіне трафигін ұлғайтуға тыйым салынды және интернет-платформаларға кәмелетке толмаған пайдаланушыларды қорғау тетігін қалыптастыруға нұсқау берілді.
Еске салайық, бұған дейін Қытай үкіметі оқушыларға жұмыс күндері (жұма, сенбі, жексенбіні қоспағанда) видео ойын ойнауға тыйым салды.