Қытай компаниялары Ақмола облысына инвестиция құюы мүмкін

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Қытай астанасы Бейжің қаласында сапармен болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қытай компаниялары Ақмола облысына инвестиция құюы мүмкін

Сапар барысында аймақ басшысы ҚХР «CITIC» Wang Jiong (нарықтық капиталы 50 миллиард доллардан асады) ірі мемлекеттік инвестициялық корпорациясының басшысымен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша туризм, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй инфрақұрылымы, автокөлік жасау және астық өңдеу саласында әріптестікті нығайту туралы келісімге қол жеткізді.

Ақмолалық делегация дүниежүзіне қазіргі заманғы технологияны қолдану және қалдықсыз электр энергиясын шығаруымен танымал «Shenwu»  компаниясының басшылығымен жылумен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Еліміздегі астықтың 25 пайызын өндіретін Ақмола облысы ауыл шаруашылығы техникаларын  шығаратын қытайлық компаниялар үшін қызығушылық тудырып отыр. Өңірде біріккен кәсіпорын ашу жоспарда бар.

Сондай-ақ, аймақ басшысы «Longyuan Shiying Machinery Production Co. Ltd», «YTO Group», «Huanghai Jinma Tractor», «Longtai Shandong» компания өкілдерімен және Қытайдың шетелдік экономикалық әріптестігі бойынша корпорациясының басшылығымен кездесу өткізді. «Fortune 500 кіретін» компанияны азаматтық қорғаныс, су құбырлары нысандарын қалпына келтіру, облыс орталығы Көкшетау қаласында қолжетімді баспана салу тәрізді жобалар қызықтырады.

Алдағы уақытта туризм, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй инфрақұрылымы, автокөлік жасау және астық өңдеу саласы бойынша бірлеске кәсіпорындарды ашу мәселелері бойынша қытайлық компаниялардың жұмыс тобы өңірімізге жұмыс сапарымен келетін болады.