Қытай компаниясы СҚО-да ірі өндіріс кешенін салмақ

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Қытайдың Tielin Logistics Co компаниясы СҚО-дағы Қызылжар ауданында ірі өндіріс кешенін салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қытай компаниясы СҚО-да ірі өндіріс кешенін салмақ

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, инвесторлар пестицид, бактерицид, гербицид,  подшипник өндіретін зауыт, сондай-ақ электромобиль өндірісінің желісі, целлюлоза, жем зауыты, бидай өңдеу, лимон қышқылы мен глюкозасын және декстрозасын өндіру жобасын іске асырмақ. Зауытқа 4 шақырымдық теміржол тартып, электростанция салу жоспары да осының ішіне кіреді. Жоба іске асырылған жағдайда 1,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Қазірдің өзінде кешен құрылысына арналған жер учаскесі бөлініп қойған.

«Қытайлық әріптестер аталған жобаны іске асыру үшін қомақты қаржы құюға дайын. Ақшаның алғашқы траншы беріліп қойды. Қараша айында Қытайға жасаған сапарымыз бұл жобаның жүзеге асуына мұрындық болды. 80 млрд теңге инвестиция салынады. Өнімнің бірқатар бөлігі Қытай және басқа да елдерге экспортталады», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Аймақ басшысы жауапты орындарға экология мәселесіне айырықша көңіл бөлу туралы тапсырма берді.