Қытай корпорациясы АҚШ Президенті әкімшілігіне қарсы сотта жеңіп шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Федералдық округ бойынша АҚШ-тың апелляциялық соты Ralls (АҚШ-тағы ірі қытайлық SANY машина жасау компаниясының өкілдігі) компаниясының талапарызы бойынша оң шешім шығарды. Сот Барак Обамаға және АҚШ-тың Шетел инвестициялары комитетіне (CFIUS) қатысты компания талап арызын оң шешті, деп хабарлады "Синьхуа" ақпараттық агенттігі.
2012 жылы қыркүйекте «Ralls» компаниясы Орегон шататындағы АҚШ әскери-теңіз базасына жақын жел генераторының 4 электр стансасын сатып алмақ болған. АҚШ Президент әкімшілігі мен Шетел инвестиция комитеті ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне байланысты нысандарды сатуға тыйым салған. Бұған қытайлық компания наразы болып, сотқа шағымданған.
Сот америкалық тарап Қытай корпорациясының құқықтары мен мүдделеріне қысым жасады және қытайлық тарапқа талап етілген рұқсатты беруі тиіс деп шешкен. Қаулы мәтінінде қытай фирмасының қызметіне қатысты Обаманың тыйымы нормативтік базаға қайшы келеді және президенттік әкімшілік болжам жасамай, өз іс-әрекеттерінде заңға сүйенуі тиіс делінген.