Қытай құрамасының қақпасына бірінші шайбаны соққаннан соң-ақ жеңетінімізді сездім - А. Мальцев

АЛМАТЫ. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Біз Қытай құрамасымен болған ойынның негізгі уақыты тең аяқталады деп күткенбіз. Алайда, бірінші шайбаны соққаннан кейін-ақ жеңетінімізге сенімді болдым.

Қытай құрамасының қақпасына бірінші шайбаны соққаннан соң-ақ жеңетінімізді сездім - А. Мальцев

Хоккейден Қазақстан қыздар құрамасының бас бапкері Александр Мальцев бүгін Қытай құрамасымен болған кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында осылай айтты.

Бас бапкердің сөзіне қарағанда, қыздар құрамасының жеке мұз алаңы жетіспейді. «Менің финляндиялық достарым келіп, ойынымызды жоғары бағалады. Олар да толыққанды дайындық үшін өзіндік мұз айдынымыздың жоқтығына қынжылыс білдірді», - деді А. Мальцев.

Оның айтуынша, қыздар құрамасы енді 16-25 сәуір аралығында Швейцарияның Цюрих және Винтертур қалаларында өтетін Әлем чемпионатына қатысатын болады.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, шайбалы хоккейден Қазақстаннның қыздар құрамасы 7-Қысқы Азия ойындарының чемпионы атанды.

Бүгін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен соңғы ойынында біздің команда Қытай құрамасын 4:1 есебімен жеңді. Бұл ойында Елена Штельмайстер 2 мәрте мергендігімен көзге түссе, Зарина Тохтиева мен Любовь Ибрагимова бір-бір голдан соқты. Осылайша шайбалы хоккейден Қазақстанның қыздар құрамасы үшінші мәрте Ақ Азиаданың чемпионы атанып отыр. 7-Қысқы Азия ойындары аясында бұған дейінгі ойындарында біздің хоккейші қыздарымыз жапониялықтарды 3:2 (буллиттен), оңтүстік кореялықтарды 11:0 және солтүстік кореялықтарды 3:0 есептерімен ұтқан болатын.

Азиада қорытындысы бойынша, шайбалы хоккейден күміс жүлдені Жапония құрамасы ұтып алды. Қола Қытай құрамасына бұйырды.