Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан арасын жалғайтын теміржол салынбақ

БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржол құрылысының ықтимал бағыты жақында Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинетінің жиналысында талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Министрлер кабинетіне сілтеме жасап.

Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан арасын жалғайтын теміржол салынбақ

Кеңесте Қырғызстанның көлік және коммуникация министрі Еркінбек Осоев «Торугарт – Макмал - Жалал-Абад» бағыты бойынша темір жол магистралін салу мәселелері бойынша ақпарат ұсынды.

Оның айтуынша, жобаның тиісті техникалық-экономикалық негіздемесі осы жылдың желтоқсан айында дайын болады.

«Қытай – Қырғызстан - Өзбекстан теміржол құрылысының жобасы — біз ерекше басымдық беретін бірегей жоба. Бейінді мемлекеттік органдар белгіленген мерзімде қажетті дайындық жұмыстарын жүргізуі қажет», - деп атап өтті Министрлер кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров.

«Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржолы - үш елдің, одан әрі Парсы шығанағы елдерінің, еуропалық теміржол желісімен байланысты Түркия Республикасының темір жолдарына жол ашуға арналған теміржол магистралі.