Қытай мен АҚШ дизайнерлері қазақстандық олимпиадашыларға киім тігу құқығы үшін күреседі

Өтінімдері қабылдау бүгін аяқталды. Жеті адамнан құралған арнайы комиссия - агенттік өкілдері және олимпиада чемпиондары Ольга Шишигина мен Серік Сәпиев олардың ішінен үш таңдаулы өтінімді іріктеп алады. Ал ертең үміткерлердің эскиздері Агенттік сайтына орналастырылады, 30 мамырға дейін онда кез келген адам ұнаған дизайнге дауыс бере алады. Интернет-пайдаланушылар ең көп дауыс берген жұмыс жеңімпаз атанады. ҚР спорт және дене шынықтыру агенттігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріптің айтуынша, конкурсқа қатысушылардың географиясы әралуан.
«Конкурстық жұмыстарды бізге Қарағандыдан, Түркістаннан, Павлодардан жолдады, - деді Ахметшәріп, - Құралай Нұрқаділованың сән үйі де өзінің өтінімін берді. Шетелден екі эскиз келді - Қытай дизайнері мен Лос-Анджелес студенттеріі».
Конкурсқа өтінімдерді қабылдау екі апта бойы жүргізілді.
Еске сала кетейік, Құралай Нұрқаділова 2008, 2010 және 2012 жылдарда біздің олимпиадашыларымыздың шерулік киімдерін тікті, ол кезде конкурс өткізілген жоқ, енді оның бәсекелестері бар. Үміткерлерге дауыс беру ертең, 28 мамырда Астана уақытымен сағат 12:00-де Агенттік сайтында басталады.