Қытай мен Қазақстан азаматтарға 30 күндік визасыз режим ұсынбақшы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Ашық НҚА» порталында Қазақстан мен Қытай Халық Үкіметтерінің арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою туралы қаулы жобасы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл құжат Қазақстан азаматтарының Қытай аумағында, Қытай азаматтарының Қазақстан аумағында 30 күннен аспайтын мерзімде визасыз жүруіне мүмкіндік беруді көздейді.

«Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын», - делінген Қаулы жобасында.

Аталмыш келісімнің 1-бабында 30 күндік визасыз режим қандай мақсатпен қатынайтын азаматтарға берілетіні айтылған.

«Уағдаласушы Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген жарамды жол жүру құжаттарының иелері жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды (келісім-шарттар жасасу, келіссөздер жүргізу, консультациялық қызметтер көрсету және басқа да іскерлік мақсаттар) жүзеге асыру мақсатымен екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына Мемлекеттік шекараны кесіп өткен сәттен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге, күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын бір мәрте немесе көп мәрте келу, кету, уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады», - деп жазылған келісім мәтінінде.

Яғни, сапарлаушы азаматтар 30 күндік визасыз режим аясында екінші елге 180 күннің ішінде 90 күннен артық бола алмайды.

Қаулы мәтініндегі мәлімет бойынша, 18-19 мамырда бұл келісімге Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасына Мемлекеттік сапар барысында қол қойылмақ. Құжатқа ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрі Цинь Ган қол қояды деп жоспарланған.

Қаулы жобасы 26 сәуірге дейін қоғам талқылауында болады.


Соңғы жаңалықтар