Қытай мен Өзбекстан 2017 жылға қарай екіжақты тауар айналымын 5 млрд. АҚШ долларына жеткізуге ниетті
ТАШКЕНТ. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Осыған дейін хабарланғандай, ҚХР басшысы Өзбекстан Республикасына 8 қыркүйек күні ӨР Президенті Ислам Каримовтың шақыруымен келді.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Өзбекстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді перспективалары мен басым бағыттарын анықтайтын құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, ӨР мен ҚХР арасында достық және ынтымақтастық келісіміне қол қойылды.
Сонымен қатар, ҚХР мен ӨР басшылары Өзбекстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының екіжақты стратегиялық әріптестік қарым-қатынастарын одан әрі дамыту және тереңдету жөніндегі бірлескен декларацияға қол қойды. Қос тарап тауар саудасының ауқымын кеңейтіп, 2017 жылға қарай екі жақты тауар айналымын 5 млрд. АҚШ долларына жеткізбек.
Сонымен қатар, екі жақ арасында инвестициялық және басқа да келісімдерге қол қойылды.
Бүгін екі елдің басшысы тарихи қала Самарқандқа барады.