Қытай NEV-автомобильдері өндірісі үшін халықаралық байланысты нығайтуға дайын
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытай билігі жаңа энергия көздерімен (NEV) жүретін автомобиль өндірісінде басқа елдермен байланысын нығайтпақ. Бұл туралы IV Дүниежүзілік NEV-автомобильдері конгресіне қатысушыларға үндеуі барысында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
Елдің үкімет басшысы Қытайдың әлемдегі ең ірі автомобиль шығарушы және тұтынушы екенін атап өтті. Соңғы жылдары елде жаңа энергия көздерімен (NEV) жүретін автомобиль өндірісінің қарқынды өсуі байқалады.
«Қытай NEV-автокөліктерімен байланысты салаларда халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыра береді», - деді ҚХР Мемкеңесінің премьері.
Ли Кэцян Қытайдың «автомобиль өнеркәсібін дамытуда жаңа тарауды бірлесіп ашу үшін» барлық мүдделі тараптармен өзара тиімді жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.
25-28 тамыз аралығында Бейжіңде IV Дүниежүзілік NEV-автомобильдері конгресі өтіп жатыр. Қытай жеңіл автомобильдер қауымдастығының мәліметтері бойынша, ҚХР 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында жаңа энергия көздерімен қозғалатын 360 мыңнан астам автомобиль экспорттады (2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш екі еседен астам өскен). Қытайда шығарылған жаңа автомобильдер негізінен Батыс Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспортталады.