12:24, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Қытай үкіметі 2009 жылға бюджеттік дефициттің рекордтық деңгейін жоспарлады
БЕЙЖІҢ. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/- Бейсенбі күні Бейжіңде Халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиналысының 2-ші сессиясында баяндама жасаған Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябао, 2009 жылға мемлекеттік бюджетке соңғы алты онжылдықтағы ең жоғары бюджеттік дефицит қарастырылып отырғанын мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қытай үкіметінің басшысы бюджет дефицитінің елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 3 пайызын құрайтынын және 950 миллиард юань сомаға жоспарланып отырғанын нақтылады. Бұл қаржыны дағдарыстың салдарын жұмсарту мақсатында ішкі тұтыным ауқымын арттыруға бағыттау қарастырылып отыр. Вэнь Цзябао бұған дейінгі жылдары бюджеттік дефицит жыл сайын төмендеп отырғанын, сондықтан да биылғы көрсеткіштің жоғары болғанына қарамастан, үкіметтің қарауында жалпы ішкі өнімнің 20 пайыз мөлшеріндегі заемдық сома болатынын атап көрсетті.