Қытай ұлттық қорғанысын күшейтіп, Қарулы күштерін жаңартуда

БЕЙЖІҢ. 5 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қытай ұлттық қорғанысын нығайтып, Қарулы күштерін жаңартуда.

Қытай  ұлттық қорғанысын күшейтіп,    Қарулы күштерін  жаңартуда

Сенбі күні Бейжіңде Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының 4-ші сессиясында ел үкіметінің жұмысы туралы баяндама жасаған Мемлекеттік кеңес премьері Вэнь Цзябао осындай мәлімдеме жасады.

Вэн Цзябаоның айтуынша, ұлттық қорғанысты нығайту мен «қуатты халық армиясын» құру - елдің егемендігін, қауіпсіздігін, даму мүддесін қорғаудың маңызды кепілі.

«Армияны жаңарту және тұрақтандыру үдерісін күшейту, түрлі мақсаттағы әскери міндеттерді орындаудағы армияның мүмкіндіктерін жетілдіру керек»,- деп атап көрсетті Қытай премьері өз сөзінде.

Айта кету керек, Қытай 2011 жылы қару-жараққа 601,1 миллиард юань (91,4 миллиард доллар) қаржы жұмсауды жоспарлап отыр, 2010 жылы бұл көрсеткіш 533,4 миллиар юань болған. Бұл туралы жұма күні Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының ресми өкілі Ли Чжаосин мәлім етті.

Оның айтуынша, бұл қаражат «армияны лайықты қаруландыруға», жеке құрамды жаттықтыруға жұмсалмақ. Дегенмен, бұл сома, Қытайдың жалпы ішкі өнімімен салыстырғанда мардымсыз екенін айтқан ол, көрші елдерге Қытайдың қауіп төндіріп отырғаны туралы мәлімдемелерді теріске шығарды.

«Қытайдың қару-жараққа жұмсап отырған шығысы - басқа елдермен салыстырғанда түк емес. Жұмсалған қаржының әр бөлігі егемендікті және аумақ тұтастығын қорғауға бағытталады. Көрші елдермен арадағы достықты сақтау - Қытай үшін маңызды», - деп атап көрсетті Ли Чжаосин.