Қытай Жеңістің 70 жылдығына шеру ұйымдастыратынын растады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың СІМ-і Бейжіңде Жеңіске 70 жыл толуына орай әскери шеру өтетінін ресми растады, деп хабарлады РИА Новости.
«Биылғы жылы өзімізде қалыптасқан және халықаралық дәстүрге сәйкес Бейжіңде салтанатты шара, митингтер, әскери шеру, қабылдаулар мен әдеби кештер ұйымдастырамыз. Шараларға ҚХР төрағасы Си Цзиньпин және елдің басқа да басшылары қатысады», - делінген дүйсенбі кешке ведомство сайтында жарияланған ҚХР СІМ ресми өкілі Хуа Чуньиннің мәлімдемесінде.
«Қытай тарапы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан басты елдердің өкілдерін, сондай-ақ БҰҰ өкілдерін, басқа да халықаралық ұйымдар өкілдеріне шақырту жібереді», - делінген хабарламада.
1960 жылы билік әскери шеру әр 10 жыл сайын ғана өтеді деп белгіледі. Мұндай шеру соңғы рет 2009 жылы өткен. Бұл 1949 жылдан бастап ҚХР-дың құрылу күніне арнап ұйымдастырылмаған алғашқы шеру болмақ.
Биылғы жылы Ресей мен Қытай бірлесіп Екінші дүниежүзілік соғыс Жеңісіне 70 жыл толуына арналған шаралар өткізеді. Шараға екі мемлекет көшбасшылары қатысады деп күтілуде. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Мәскеуде 9 мамырда өтетін шараға қатысуға келісімін берді. Ресей Президенті Владимир Путин де Бейжіңдегі шараларға қатысады деп күтілуде.