Қытай жоғары дәлдіктегі «Гаофэнь-4» Жер шарын барлау жасанды серігін ұшырды

«Гаофэнь-4» бүгін сағат 00.04-де Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сичан ғарыш айлағынан «Чанчжэн-3B» зымыран тасығышының көмегімен жіберілді. Қытайдың Қорғаныс министрлігі жанындағы қорғаныс ғылымы, техникасы және өнеркәсібі жөніндегі мемлекеттік басқармасы таратқан хабарламада «бұл «Чанчжэн» сериясы бойынша шығарылған зымыран тасығыштардың 222-мәрте ұшуы» деп жазылған. - «Гаофэнь-4» - геосинхронды орбитада айналып, жоғары дәлдікпен оптикалық бақылау жасайтын Қытайдың алғашқы және геосинхронды орбитада жоғары дәлдікпен барлау жасайтын әлемнің ең дамытылған жасанды серігі, - деді Қытайдың қорғаныс ғылымы, техникасы және өнеркәсібі жөніндегі мемлекеттік басқармасы әрі Мемлекеттік ғарыш басқармасының басшысы Сюй Дачжэ. «Гаофэнь-4» жасанды серігінің сәтті түрде ұшырылуы - Қытайдың биылғы жылы жүзеге асырған 19-ғарыштық жобасы. Жасанды серік жіберген мәліметтер апатты оқиғалардың алдын алып, көмек көрсетуге, геологиялық және орман апаттарын бақылауға, сондай-ақ метео болжамдау жасауға пайдаланылмақ.