Қытайда 300 бала химиялық зауыт шығарындыларынан уланып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың Хунань орталық провинциясында 300 бала жаппай уланып қалды. Жергілікті биліктің алдын ала болжамы бойынша, бұған жақын маңда орналасқан химиялық зауыт шығарындылары себеп болуы мүмкін.Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады.
Сенбі күні өздерін жайсыз сезініп дәрігерге шағымданған Дапу қаласының балаларының қанынан қорғасын анықталды. Дәрігерлердің бағалауынша, ондағы ауыр металдардың құрамы әдеттегіден үш есе артық.
Провинциялық биліктің мәлімдеуінше, зиянды заттар жақын маңда орналасқан «Мэйлунь химиялық материалдар» кәсіпорнынан шығуы мүмкін. Зауыт тазартылмаған суды сыртқа төгіп немесе өнімдерді ауада өртеген болу керек. Қазіргі уақытта онда қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Зауыт уақытша жабылды.
Ағзадағы қорғасынның артылуы жүйке жүйесін зақымдап, қан қысымын жоғарылатуы мүмкін. Ең ауыр жағдайда комаға немесе өлімге әкеп соқтыруы ықтимал.