17:30, 03 Қаңтар 2020 | GMT +5
Қытайда 44 адам пневмонияның беймәлім түріне шалдықты
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытайдың Хубэй провинциясындағы Ухань қаласында 44 адам пневмонияның белгісіз түріне шалдықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық денсаулық сақтау жөніндегі комитетке сілтеме жасап.
«Бүгінгі соңғы мәліметке сәйкес вирусты пневмонияны 44 адам жұқтырды. 11 адамның жағдайы ауыр. Қалған пациенттердің халі тұрақты деп бағаланып отыр» делінген комитет хабарламасында.
Қазіргі таңда барлық науқастар Ухань қаласының медициналық мекемелерінде ем алып жатыр. Олармен тығыз қарым-қатынаста болған тағы 121 адам бақылауда.
Сонымен бірге South China Morning Post мәліметінше, Гонконгта да екі адам вирусты пневмония жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылған. Мегаполисте «тылсым» пневмонияның таралуына жол бермес үшін қосымша шаралар қабылданды.