07:28, 08 Сәуір 2012 | GMT +5
Қытайда адам органдарын сатумен айналысатындар ұсталды
АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат -Қытайда адам органдарының саудасымен айналысты деген күдікпен 5 адамнан құралған топ ұсталды.

Оларға бір жыл бұрын Apple компаниясының iPhone смартфоны мен iPad планшеттік компьютерін сатып алуға ақша таба алмаған 17 жасар жасөспірімнен оның бүйрегін сатып алды деген айып тағылып отыр. Бұл туралы шетелдік БАҚ хабарлайды, деп жазды ИТАР-ТАСС.
Журналистердің ақпаратына сәйкес, жасөспірім күдіктілермен интернет-форум арқылы байланысқан. Кейін операция жасатуға келісіп, бүйрегі үшін 3 мың доллар ақша алған. Заңсыз операция жайлы жасөспірімнің анасы кездейсоқ біліп қойған, ол оның ұлында жаңа гаджеттің пайда болғанын байқап, полицияға хабар берген.
Болжам бойынша, ұсталғандар жасөспірімнің бүйрегін қара базарда 35 мың долларға қайта сатып жіберген.