Қытайда Әлем чемпионаты іріктеу турнирінің Азияның финалдық дәрежелік раунды өтіп жатыр
АЛМАТЫ. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Қытайдың Чэньчжоу қаласында волейболдан әйелдер арасында 2014 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турнирінің «В» тобындағы командалары арасында Азияның финалдық дәрежелік раунды басталды.
Онда Александр Гутор жаттықтыратын Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын ертең Оңтүстік Корея волейболшыларымен өткізбек. Одан кейін жексенбіде Жаңа Зеландия, дүйсенбіде Қытай, сейсенбіде Үндістан командаларымен күш сынасатын болады. Онда үздік шыққан команда Әлем чемпионатының құрлықтық жолдамасына ие болмақ.Бас бапкер бұл додада ел намысын қорғауды Талдықорғанның «Жетісуынан» Ольга Наседкина, Коринна Ишимцева, Марина Стороженко, Алена Омельченко мен Ирина Шенбергерге, алматылықтардан Елена Гордеева, Людмила Исаева, Татьяна Афанасьева, Ирина Лукомскаяға, астаналықтардан Сана Жарлығасоваға, Павлодардың «Ертіс-Қазхромынан» Инна Матвееваға және Кипрдің «Анортосис» командасында ойнап жүрген Татьяна Мудрицкаяға сеніп тапсырып отыр. Қазақстан құрамасы бұған дейін Әлем чемпионатына алғаш рет 2006 жылы қатысып 17-орын алса, соңғы чемпионатта 21-орынға табан тіреген болатын.