11:05, 10 Қыркүйек 2020 | GMT +6
Қытайда алғаш рет мұрынға шашатын спрей түріндегі тұмауға қарсы вакцина жасалды
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайдың Шаньдун провинциясында жергілікті тұрғындарға алғаш рет мұрынға шашатын спрей түріндегі тұмауға қарсы вакцина қолданыла бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Тұмауға қарсы вакцинаның бұл жаңа түрі 3 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға жасалады. Мұрынға шашылатын мұндай вакцинация жылына бір рет жүргізіледі. Мұрынға 0,1 мл спрей шашылады, 3 күннен кейін адам ағзасында антиденелер паида болады.
Қытайлық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл өнім Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) тұмауға қарсы вакциналарының ғаламдық жоспарына (GAP) енгізілген. 2011 жылы ДДСҰ-ның мақұлдауымен тұмауға қарсы мұрынға шашылатын спрей технологиясы Қытайға берілген болатын.
Қазір Қытайда тұмауға қарсы вакцинация кең көлемде жүргізіліп жатыр және бүкілхалықтық вакцинация қазан айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.