Қытайда ауаға тараған аммиактан 30-дан астам адам уланып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың солтүстік-батысындағы Нинся-Хуэй автономиялық ауданындағы химиялық кәсіпорындардың бірінде ауаға аммиак жайылып, 33 адам уланып қалды, деп хабарлады Синьхуа агенттігі.
Оқиға жексенбі күні Иньчуань қаласындағы Mei Feng Friends Chemical кәсіпорнында болды. Кәсіпорынның басты факелі өшіп қалып, салдарынан оған қосылған шлангтан ауаға аммиак тарап кеткен.
Кәсіпорынның уланған қызметкерлерінің арасында 4-еуі ауыр жағдайда екені хабарланды. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар мен жедел жәрдем бригадасы зардап шеккендерге қажетті көмектерін көрсетіп, газдың шығуын тоқтатты.
Алдын ала деректер бойынша, оператор құбыр қақпағын ашқан, соның салдарынан факельге ауа кіріп кеткен. Сөйтіп, шлангтан аммиактың көп мөлшері бар ауа қоспасы сыртқа тараған.