Қытайда БАҚ-тың 25 өкілі тұтқындалды

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайда компаниялардан ақша бопсалаған бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілерін қамауға алу жалғасып жатыр.

Қытайда БАҚ-тың 25 өкілі тұтқындалды

«Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, Шанхай прокуратурасының қызметкерлері 21cbh.com жаңалықтар сайтының президенті Лю Дунды, аталған ресурстың бас редакторының орынбасары Чжоу Бинді, сонымен бірге, Хунань провинциясындағы тілшілер пунктінің басшысы Ся Сяобоны қамауға алды. Сонымен бірге, «Money Week» баспагері Ся Жи мен оның бас редакторы Ло Гуанхуэйді тұтқындады. Осы іс бойынша қамауға алынған БАҚ өкілдерінің саны 25 адамға жетті. Еске сала кетейік, қыркүйек айында Шанхайда «21st Century Business Herald»газетінің баспагері Шэнь Хао мен бас директоры Чэнь Дунъян қамауға алынған болатын. Айыпталушылар 200-ден астам компанияға олар жайлы жағымсыз материалдар жариялайтынын айтып, ақша бопсалаған. Осы оқиғадан кейін барып басылымының редакторлары мен тілшілері қамауға алынды. «21cbh.com»-ның орталық кеңсесі Гуандун провинциясында орналасқан. Медиа-ресурс қаржылай және іскерлік медиа-индустрия саласында ірі кәсіби» ақпарат құралы ретінде саналады және ол «21st Century Media Co. Ltd.» холдингінің құрамына енеді.