Қытайда болған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 75 адамға жетті

БЕЙЖІҢ. 22 шілде. ҚазАқпарат - Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясында дүйсенбі күні болған жер сілкінісі құрбандарының саны 75 адамға жетті, 584 адам түрлі дәрежеде жарақат алған, олардың 70-і өте қиын жағдайда. Сонымен қатар, 14 адам хабарсыз кеткендер болып саналады, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі жергілікті билікке сілтеме жасап.

Қытайда болған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 75 адамға жетті

Магнитудасы 6,6 жер сілкінісі дүйсенбі күні Бейжің уақытымен таңертең сағат 07:45-те Ганьсу провинциясы Динси қаласының Миньсянь және Чжансянь уездерінің тоғысқан жерінде болған. Жер асты дүмпуінің ошағы солтүстік ендікте 34,5 градус және шығыс бойлықта 104,2 градус координаттарымен 20 шақырым тереңдікте тіркелген.

Жергілікті БАҚ хабарлары бойынша, зардап шеккен аудандарда байланыс және электрмен жабдықтау үзілген, уақыт өткен сайын сел тасқынының кесірінен іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу қиындап отыр. Қазіргі уақытта жер сілкінісінен зардап шеккендер туралы мәліметтер анықталуда.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин адам өмірін құтқару үшін барынша күш салуға шақырды.

Дүлей апат салдарын жоюға армия, полиция бөлімшелері, сондай-ақ еріктілер жұмылдырылды. ҚХР билігі бүгін Ганьсу провинциясында болған жер сілкінісіне байланысты 4-деңгейлі ТЖ жедел әрекет ету тәртібі енгізілетінін жариялады.