Қытайда болған жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 80 адамға дейін жетті
БЕЙЖІҢ. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат - Өткен жұмада Оңтүстік Батыс Қытайдағы Юньнань провинциясында болған жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандардың саны 80-ге жетті, 700-ден астам адам жарақаттанды,
деп хабарлайды жергілікті билік көздері.
Қытайлық БАҚ-ның хабарлауынша, табиғи зілзала салдарынан Юньнань провинциясының 740 мыңға жуық тұрғыны зардап шегіп, 100 мыңнан астамы қауіпсіз жерге көшірілді, дәл сондай санды көшіру керек болып отыр. 6500 үй қиратылып, 430 мыңға жуық тұрғын үйлер бүлінді. Зілзаланың келтірген алдын ала экономикалық шығыны 551 миллион долларды құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, жұма күні қытайлық сейсмологтар Юньнань және Гуйчжоу провинцияларында магнитудалары 5,7 және 5,6 болған екі жерасты сілкінісін тіркеді.
Елдің басшылығы жер сілкінісінен зардап шеккендерге барынша мүмкін көмек көрсетуді тапсырды. Қытайлық премьер Вэнь Цзябао Бейжіңнен апат орнына барып, құтқару жұмыстарына басшылық етті.