Қытайда COVID-19-ға қарсы 800 миллионнан аса вакцина салынды

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытайда жаңа коронавирус инфекциясына қарсы 800 миллионнан аса вакцина салынды. Бұл туралы сәрсенбі күні Қытайдың Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Қытайда COVID-19-ға қарсы 800 миллионнан аса вакцина салынды

Бейінді ведомствоның ресми деректері бойынша, 2021 жылдың 9 маусымында 31 провинция мен Шыңжаң өндірістік-құрылыстық корпусында барлығы коронавирусқа қарсы вакцинаның 808 962 000 дозасы егілген.

Қытайдың Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитеті осы жылдың аяғына дейін халықтың кем дегенде 70%-ы COVID-19-ға қарсы екпе алады деп күтеді.

Өткен тәулікте құрлықтық Қытайда COVID-19 жұқтырудың 16 жаңа оқиғасы (олардың 8-і – жергілікті) тіркелген, өлім саны жоқ. Коронавирусты жергілікті жұқтырудың сегіз оқиғасы да Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандон провинциясында анықталған.

Соңғы ресми деректерге сүйенсек, құрлықтық Қытайда COVID-19 жұқтырған науқастардың 94,47%-ы жазылып шыққан. 2019 жылдың желтоқсанынан бастап коронавирус жұқтырғандар саны 91 316-ға жетті. Өлім көрсеткіші – 5,07% (коронавирустан 4 636 адам қайтыс болған).


Руслан Сүлейменов