Қытайда екі адам құс тұмауына шалдықты
БЕЙЖІҢ. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Қытайдың Денсаулық сақтау министрлігі адамдардың құс тұмауының H5N1 вирусына шалдығуының екі оқиғасы туралы мәлім етті.
Қытайлық БАҚ-тардың хабарлауынша, өткен жексенбі күні елдің оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясында адамдардың H5N1 вирусына шалдығуының екі оқиғасы тіркелді.
Жергілікті тұрғындар - 21 жастағы әйел мен 31 жастағы ер адамнан H5N1 вирусына алынған талдаулардың қорытындысы осыны көрсетті. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы нашар және медициналық қызметкерлер оларға тәулік бойы жедел көмектерін көрсетуде. «Екі оқиға арасында эпидемиологиялық байланыс жоқ», - делінген Қытай Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесінде.
Тергеу барысында пациенттердің H5N1 вирусын жұқтыруларына дейін құстармен байланыс жасаған не жасамағаны расталған жоқ. Науқастармен тығыз байланыста болған тұлғалар медициналық бақылауға алынды.