Қытайда екінші ғарыш зертханасы ашылады
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - 2016 жылы Қытай өзінің екінші ғарыш зертханасын ашып, алтыншы басқарылатын миссиясын ғарышқа жөнелтуді көздеп отыр. Бұл туралы China Daily қытайлық ғарыш технологиялары академиясына сілтеме жасап мәлім етті.
Тяньгун-2 зертханасы ҚХР болашақ ғарыш стансасы үшін ғарыштағы тіршілік әрекетін қолдау технологиясын сынақтан өткізеді. Ол ұшырылған соң Шэньчжоу-11 ғарыш кемесі Long March 2F зымыран-тасығышында тайконавтарды орбитаға жеткізеді.
Сонымен қатар келесі жылы Қытай жүк тасымалдайтын алғашқы Тяньчжоу-1 ғарыш кемесін ұшырмақ. Ол Тяньгун-2-ге қондырғылар мен жанар-жағар майды жеткізеді. Ғарыш стансасының негізгі модулі 2018 жылы ұшырылады, ал 2022 жылы толыққанды қызмет атқара бастайды деп күтілуде. Еске сала кетейік, Тяньгун-1 зертханасы орбитаға 2011 жылдың қыркүйегінде шығарылған. Қазір Қытай ең ауыр және техникалық жағынан күрделі болып табылатын Long March 5 зымыран-тасығышын құрастырып жатыр. Оның салмағы 800 тоннаны, ұзындығы 57 м, диаметрі - 5 м, жер орбитасына жүк көтеру қуаттылығы 25 тоннаны және геосинхронды орбитаға жүк көтеру қуаттылығы 14 тоннаны құрайды. Техникалық сипаттары бойынша ол америкалық Delta IV және Atlas V зымыран-тасығыштарымен терезесін теңестірмек.