Қытайда «Гуандун-Гонконг-Макао» жаңа еркін сауда аймағы құрылады
БЕЙЖІҢ. 23 қараша. ҚазАқпарат - Қытайда жақын уақытта тағы бір еркін сауда аймағы (ЕСА) пайда болуы мүмкін. Гуандун провинциясының губернаторы Чжу Сяодань орталық үкіметке аймақта ЕСА құруға өтінім беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Жергілікті билік «Гуандун-Гонконг-Макао» жаңа еркін сауда аймағын құруды жоспарлап отыр. «Орталықпен кеңескеннен басқа, біз Гонконг және Макао үкіметтерімен пікір алмасамыз», - деп хабарлады губернатор.
Еске сала кетейік, қыркүйек айында Шанхайда осындай алғашқы пилоттық сауда алаңы құрылған.
Жақында өткен 18-ші шақырылымдағы Қытай Компартиясы ОК 3-ші пленумында қабылданған қаулыда елде ашық түрдегі жаңа экономикалық жүйені қалыптастыру міндеті қойылған болатын. ЕСА құру реформалар және ашықтық саясатын ілгері бастыруға жасалған қадамдардың бірі болып табылады, делінген құжатта.