Қытайда химиялық зауытта болған жарылыс кезінде тоғыз адам қаза болды
АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат - Қытайдың солтүстік-шығысындағы Хэйлунцзян уәлаятында химиялық комбинатта жарылыс болып, оқиға салдарынан тоғыз адам қаза тапты.
Бұл туралы Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары жергілікті өкіметке сілтеме жасап хабарлады.
Жарылыс 13 сәуір күні жергілікті уақыт 22.10-да (Мәскеу уақыты бойынша 18.10) Дацин қаласындағы химиялық зауытта болған. Жарылыстан кейін өндірістік жайларда өрт басталған. Өрт сөндірушілер жалынды бірнеше сағаттың ішінде әзер ауыздықтады.
Ресми мәліметтер бойынша, жарылыс кезінде іште 14 адам болған, олардың бесеуі сыртқа аман-есен шығып үлгерген. Оқиғаның себебі анықталуда.