Қытайда кәріз құдығында 60 сағат отырған әйел құтқарылды - ВИДЕО
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда кәріз құдығында 60 сағат отырған әйел аман қалды. Тереңдігі үш метрлік құдыққа оны жігіті итеріп жіберген, деп хабарлайды vesti.ru.
Гуо текті әйелді кәрізге 100 мың юань (16,5 мың доллар) берешегі бар жігіті түсіріп жіберген. Полицейлер әлгі жігітті ұстаған кезде, ол бұл қадамға сүйіктісі көзіне шөп салған соң барғанын айтқан. Кейін берешегін қайтара алмағандықтан, оны өлтірмек болғанын мойындапты. Тіпті, оның құмар ойындарға әуестігі бары да анықталды. Оның құрбысын итеріп қана қоймай, құдықтың бетін жауып кеткені көшедегі бейнекамераға түсіп қалған.
Бейбақ әйел бірнеше күн бойы шығуға әрекеттенген. Содан соң, үстіндегі киімдерін шешіп, оны бір-біріне байлап арқан жасап, соның көмегімен көтерілген. Алайда құдықтың қақпасын аша алмағандықтан, айқайлап көмек сұраған. Оны көшеде кетіп бара жатқан адамдар естіп, құтқарыпты. Әйелді алып шыққан кезде оның денесі су мен будан ісіп кеткен.