Қытайда қазақ халқының ұлттық құндылықтары ұлықталған мереке өтті
Ішкі Қытай жерінде орналасқан, қазақ мәдениетінің шығыстағы бір ошағы саналатын Ақсай ауданында тұрып жатқан қандастарымыз 1 мамыр -Халықаралық еңбекшілер күнін атап өте отырып, ұлттық мәдениетімізді дәріптейтін мерекелік шара ұйымдастырды. Оның барысында аламан бәйге, қыз қуу, көкпар тарту сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Сонымен бірге қазақ әнін әуелеткен Ақсай аудандық ән-би ұжымының концерті де көпшіліктің ықыласына бөленді.
Аталмыш қытайлық БАҚ-тың жазуынша, Ақсай ауданы биылғы мамыр айынан қазан айына дейін 6 рет ат бәйгесін өткізуді жоспарлап отыр. Олардың барысында аламан бәйге, құнан бәйге, жорға жарыстарынан бөлек, қыз қуу, көкпар тарту, ат үсті өнері секілді ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ қазақ тағамдарын дәріптеп, ұлттық ән-биімізді арқау еткен концерттік бағдарламарды көрсетуді мақсат етуде. Аудан халқы ұлттық мәдениетімізді өзге ұлт өкілдеріне көрсету арқылы жергілікті туризмді дамытуға ден қоймақ.