Қытайда қазақстандық майдангерлерді еске алды (ФОТО)

БЕЙЖІҢ-ЧЖАНБЭЙ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚХР-да аккредиттелген Қазақстан, Моңғолия, Ресей, Беларусь, Армения, Тәжікстан, Әзербайжан, Қытай және Түркіменстан әскери-дипломатиялық корпусының өкілдері Чжанцзякоу уезі Чжанбэй кентінде (Бейжіңнен 245 км) Екінші дүниежүзілік соғыс заманында Қытайды азат ету кезінде қаза тапқан кеңес және моңғол әскерлерінің мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Қытайда қазақстандық майдангерлерді еске алды (ФОТО)

Шараға қатысушылар бауырластар қорымы мен мұражайға барып, құрметті қонақ кітапшасына жазба қалдырды.

Ескерткіште 13 моңғол және 66 кеңес жауынгерінің аты жазылған. Солардың ішінде қазақстандықтар Аунзхан Жапаров, Төлембек Өтебаев жәене Әселхан Бербеков бар. Қорымға 60 жауынгердің мәйіті жерленген. Із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру әлі күнге дейін тоқталмаған.

Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстан аумағынан шақыртылған қаза тапқан және із-түзсіз жоғалған жауынгерлердің мәліметтер қорына қарасақ (ҚР Қорғаныс министрлігінің «Мемориал» ДБ ), Аунзхан Жапаров 1923 жылы ОҚО, Киров ауданы, Молотовский кеңшарында дүниеге келген. Ол 1942 жылы әскерге шақыртылды. 27-ші жеке мотоатқыштар бригадасының құрамында болған, 1945 жылы 21 тамызда қаза тапты. Өкініштісі «Мемориалда» Т.Өтебаев және А.Бербеков туралы еш мәлімет жоқ.

Еске сала кетейік, 2015 жылы қыркүйектің басында Хэйлунцзян провинциясы Муданьцзян қаласындағы мемориалдық саябақта Қытайды жапон басқыншыларынан азат ету кезінде қаза тапқан тағы бір қазақстандық Смағұл Майдартың мәйіті қайта жерленді. Жауынгер 1945 жылы 15 тамызда қаза тапқан.
null null null null null null null