Қытайда қисса-дастандар театрландырылмақшы
АСТАНА. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қытайдағы қандастарымыз қисса-дастандарды театрландыру жұмысын қолға ала бастады. Бұл туралы Алтай ақпарат торабы хабарлайды.
Бұл туралы BAQ.KZ хабарлайды.
Қытайдағы қазақтардың республикалық деңгейде қорғалатын 32 мәдени мұрасының ішінде қазақ қисса-дастандары бар. Бүгінгі күнде Шыңжаңдағы қазақ балалары біртіндеп ашылып жатқан қисса сыныптарынан тәлім алып, мыңдаған шумақ қиссаларды жаңылмай жаттап жүр. Ұлтымыздың ұлы мұрасын ұрпаққа аманат етуге аянбай үлес қосып жатқан қандастарымыз енді қисса-дастандарды сахнаға шығару жұмыстарын бастап кетті.
Ақпарат көзінің хабарлауынша, Алтай аймағы Бурылтоғай ауданының әкімшілігі қыруар қаржыны осы қисса-дастандарды театрландыру жұмысына бөліп отыр екен. Басшылар тарапынан қолдау тауып, қолға алына бастаған мәдени жұмыс тез шешімін таба бастапты. Қазіргі кезде театрланатын барлық қисса-дастандардың сценариі жазылып болған. Қытайдағы қандастар бұл игілікті іс мәдениеттің дамуына үлес қосып қана қоймай, ұлттық рухты көтеруге ерекше әсер етеді деп санайды.