13:10, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қытайда Көктем мерекесі қарсаңында Ұлттық киімдердің халықаралық фестивалі өтті
БЕЙЖІҢ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/ - Батыстың бұқаралық ақпарат құралдарының «АҚШ президентін ұлықтау рәсімі» деп аталған театрландырылған думанға назары ауып отырған кезде, Қытай Көктем мерекесіне дайындалуда.

ҚазАқпарат тілшісінің хабарлауынша, Ай күнтізбесі бойынша Көктем мерекесі қарсаңында кеше, қаңтардың 20-сы күні Қытайдың Сыртқы істер министрлігі Аспанасты елордасында «Spring Festival Gala» деп аталған тамаша думан өткізіп, біздің ғаламшарымыздың бес құрлығындағы елдер мен халықтардың ұлттық киімдерінің көрсетілімін ұйымдастырды. Бейжіңде тіркелген әлемнің 50-ге жуық елінің елшілері мен дипломатиялық миссиялары қызметкерлерінің әйелдері сахнаға шығып, өз елдері мен өркениеттерінің таңдаулы киім үлгілерін таныстырды.Бұл іс-шара банкетпен және сыйлықтар таратумен аяқталды. Бірде бір «модель» тарту-таралғысыз қалған жоқ.