Қытайда қол добынан әйелдер арасында Олимпиада ойындарының іріктеу турнирінде қазақстандықтар солтүстіккореялықтармен тең түсті
АЛМАТЫ. 17 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қол добынан әйелдер арасында Қытайда өтіп жатқан 2012 жылғы Лондон олимпиадасының Азия аймағы бойынша іріктеу турнирінде бүгін қазақстандықтар түрікменстандық құрдастарымен күш сынасуда.
Ал жапондықтар солтүстіккореялық, оңтүстіккореялықтар қытайлық көршілерімен жұп құрауда.
Өткен сенбі күні қазақстандықтар Солтүстік Корея құрамасымен 22:22 есебімен тең түсті. Бұған дейін олар 12-қазанда Жапония спортшыларына есе жіберген еді. 6 елдің ұлттық құрамалары арасында айналым жүйесі бойынша өтіп жатқан бұл додада Жапония мен Оңтүстік Корея спортшылары жеңіліссіз келе жатыр. Жапондықтар қазақстандық (38:26) және қытайлық (26:21) құрбыларын, ал оңтүстіккореялықтар солтүстіккореялық қандастары (44:29) мен түрікмендерді (45:11) жеңді. Енді ертең барлық командалар бір күн тынығып, ақырғы кездесулерін 19-21 қазан күндері өткізеді. Онда қазақстандықтар сәрсенді күні Оңтүстік Корея, ал бейсенбіде Қытай спортшыларымен кездеседі.