Қытайда өкпе обасынан үшінші адам көз жұмды
АСТАНА. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат - Қытайдың Цзыкэтань қаласында өкпе обасынан үшінші адам көз жұмды. Цинхай провинциясының Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, бұл жолы обадан 64 жастағы ер азамат қайтыс болды.
Адам өміріне қауіпті оба ошағы Қытайдың солтүстік-батысындағы Цинхай провинциясының Цзыкэтань қаласында шілденің 30-ында анықталған болатын. Қытай үкіметі осыған байланысты қаланы карантинге жауып тастады.
10 мың халқы бар Цзыкэтань қаласында обамен ауырудың 12 оқиғасы расталып отыр. Тоғыз науқас стационарлық жағдайда ем қабылдауда, біреуінің жағдайы ауыр.