Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасы кесілген А. Тұрлыбайдың ісі бойынша аппеляциялық сатыда сот отырысы өтті
БЕЙЖІҢ - ГУАНЧЖОУ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚХР Гуандун провинциясындағы Гуанчжоу қаласында жергілікті уақытпен сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін есірткі контрабандасы бойынша айыпталып, өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасы кесілген Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты аппеляциялық сатыда сот отырысы өтті.
«Судья Ақжарқынның ісіндегі жаңа ашылған бірқатар мән-жайларды қарайды. Бойжеткеннің жағдайы жақсы. Ол анасы Зухрамен 15 минутқа кездесті. Шағым жоқ, денсаулығы қалыпты. Әдетте кездесуге сот шешімінен кейін ғана рұқсат беретін. Осы жолы қытайлық тарап анасына Ақжарқынмен әңгімелесуге мүмкіндік берді», - деді ҚазАқпаратқа берген сұхбатында ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің консулдық бөлімінің басшысы Б. Сырлыбаев.
Еске салсақ, 20 жастағы қазақстандық студент Ақжарқын Тұрлыбай Гуанчжоу әуежайында 2014 жылғы наурызда ұсталған.
Ол Қытайға сату үшін брендтік киім алуға барған. А. Тұрлыбайдың айтуынша, оған есірткіні клубта кездейсоқ танысқан адамдар салып жіберген. Қазақстандыққа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Тұрлыбайды қорғаушы тарап үкімге шағымданатынын мәлімдеген.