Қытайда опасыздық пен кісі өлтіру көріністері бар телехикаялардың көрсетілуіне тыйым салынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай үкіметі бейнематериалдар жүктелетін сайттарға телехикаялардан барлық келеңсіз көріністерді алып тастауды бұйырды, деп хабарлады Қытайдың Global Times газетінің мәліметтеріне сүйенген ВВС.
Қытайлықтар ғаламтордан көбіне шетелдік телешоуларды, негізінен АҚШ пен Оңтүстік Кореяның телеөнімдерін тамашалайды. Алайда енді қытай БАҚ-тарын реттеушінің нұсқауымен сайттар ерлі-зайыптылар арасындағы бір-біріне деген сенімді бұзатын немесе тым ашық көріністерді паш ететін кадрларды жоюлары керек. Сонымен бірге кісі өлтіру, өзіне-өзі қол жұмсау, адам ұрлау, есірткіні тұтыну, құмар ойындары мен «тылсым құбылыстар» бейнеленетін көріністері бар бейнематериалдарды да таратуға тыйым салынды, делінген елдің баспа ісі, радио, кино және телевизия мемлекеттік реттеушісінің мәлімдемесінде. Қытайдың әлеуметтік желілерінде көрермендер тыйым салынған көріністердің тым көп екенін және көретін ештеңе қалмағанын айтып шағымданып жатыр. Олардың көбі енді Қытайда кеңінен танымал өздерінің сүйікті кәріс телехикаяларын көре алмайтынынан қауіптенуде. Жаңа ережелер порнография мен «тұрпайылыққа» қарсы ел үкіметінің қолға алған шарасы аясында жарияланды. Шара «Ғаламторды тазару-2014» деп аталады.