Қытайда өтетін ШЫҰ саммиті тарихи маңызға ие болады - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың маусымында Циндаода (ҚХР) өтетін ШЫҰ мемлекет басшылары саммиті тарихи маңызға ие. Осындай пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (KAZISS) директоры Зарема Шаукенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қытайда өтетін ШЫҰ саммиті тарихи маңызға ие болады - сарапшы

«Шанхай ынтымақтастық ұйымы қарқынды дамып келе жатқан халықаралық бірлестік. 2017 жылғы маусымда Астанадағы Саммитте ШЫҰ қатарына Үндістан мен Пәкістанның қосылуы Орталық және Оңтүстік Азия өңірлері арасында экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін берді. Қазіргі уақытта өзара іс-қимылда басымдықты бағыт ретінде энергетикалық секторды, көлік инфрақұрылымын бірлесе дамыту белгіленген. Сонымен қатар, тауарлар мен капиталдың әрі технологияның еркін қозғалысын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Менің ойымша, 2018 жылдың маусымында Циндаода жоспарланған ШЫҰ мемлекет басшылары Саммиті тарихи жиын болады. Себебі оның жұмысына әлем халықтарының жартысынан астамын біріктіріп отырған «сегіздік» өкілдері қатысады. Бұл елдер 2020 жылға қарай әлемдік жалпы ішкі өнімнің 35 пайызын қамтамасыз етеді деп күтілуде», - деп тоқталды сарапшы.

Осы орайда, ол қазіргі кезде аталған шараға дайындық жұмыстары белсенді жүріп жатқанын атап өтті. 24 сәуірде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлер кеңесі отырысының қорытындысы бойынша 14 құжаттың жобасы бекітілді. Ол құжаттарға ШЫҰ-ға мүше елдер басшыларының саммитінде қол қойылуы тиіс.

«Олардың арасында 2019-2021 жылдарға арналған терроризм, сепаратизм және экстремизммен күрес салаларындағы ынтымақтастық бағдарламасының маңыздылығы ерекше. Құжат ұйым қызметінің іргелі бағыттарын ескеріп отыр. Атап айтсақ, биыл ұйым тарихында алғаш рет Циндаода Әйелдер саммиті мен ШЫҰ бұқаралық ақпарат құралдары саммиті өтеді. Гендерлік саясат пен медиа салаға деген қызығушылық ұйымның қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады», - деді З. Шаукенова.

Бұдан бөлек, ол Саммит аясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапарына дайындық шараларына ерекше мән беріліп отырғанын сөз етті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлер кеңесі отырысының қорытындысы бойынша 14 құжаттың жобасы қаралды. 

Тараптар 2019-2021 жылдарға арналған терроризм, сепаратизм және экстремизммен күрес салаларындағы, сондай-ақ ШЫҰ мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімге тату көршілігі, достығы және ынтымақтастығы жөніндегі келісім ережелерін 2018-2022 жылдары іске асыру, 2018-2022 жылдарға арналған ұйымға мүше елдердің ЮНЕСКО-мен өзара әрекеттестігі, қоршаған ортаны қорғау және  індет қауіптеріне қарсы әрекет ету жөніндегі ынтымақтастық концепциясы  бойынша құжаттар жобаларын келісімдеді.